⏳ Шамамен жетпіс жыл бұрын Дамашықта Суюти атты ұстаз «Тәубә» мешітінде дәріс берген екен. Бұрын ол мешіттің орнында қарақшылар бас қосатын орын болған деседі.
⠀
☪️ Алайда, хижра жыл санауы бойынша 700 жылы сол кездегі халифа оны бұзып, орнына мешіт салдырған болатын. Суютидің жарлы шәкірті болған еді, оның кедей болғаны соншалықты, бірнеше күн бойы нәр татпай жүретін болған екен. Бірде әлгі шәкірті аштықтан қалжырап, қатты әлсіреп кетеді де: «Аштықтан қаусырап, өлгелі тұрмын, бәлкім, аман қалуым үшін харамды немесе ұрланған асты жесем болатын шығар», деген ойға кетеді.
⠀
Осы ойдың жетегімен ол Дамашықтың көшесін кезіп кете барады. Ол кезде көшелер тар әрі қыңыр- қисық болғандықтан, үйлердің терезелері де бір- біріне жақын орналасқан болатын. Бұл кез келген үйге жасырын кіруге берілген мүмкіндік болғандықтан, әлгі жігіт бір үйдің төбесіне шыққан кезде бөтен үйдің ауласында иісі бұрқыраған тамақты көреді. Айналасынан ешкімді байқай қоймаған соң, әлгі жігіт аулаға секіріп түседі де, қазанның қасына келіп қақпағын ашады. Қазанда ішіне ет толтырылған бұрыш пісіп тұр еді. Олардың ыстық екенін ұмытқан аш шәкірт шетінен тістеп қалады. Сол мезетте ақылына келіп:
⠀
«Апырмай, шариғатты оқи тұра бөтен үйге кіріп, тамақ ұрлап жатқаным ба?!,- деп тоқтайды. Тістелген бұрышты қазан ішіне тастаған күйі мешітке қайтып келеді.
⠀
Әлсіреген ол кереге жағалап, сүйретілген халде ұстазының сабағын тыңдап отырады.
⠀
Сабақ бітіп, бәрі тараған кезде бетіне бетперде жапқан әйелді көреді. Әлгі әйел ұстаздың қасына келіп, ақырын ғана сыбырлап әлдене сұрай бастайды. Ұстазы жан-жағына қарап, ешкім жоқ болған соң шәкіртінің қасына келіп: «Үйленгің келмей ме?»,- деп сұрайды. Аштықтан әлсіреп тұрған шәкірті: «Ұстазым- ау, аштықтан өлгелі тұрмын, тіске басар дымым жоқ, қалай үйленемін?»,- деп жауап қатады. Сонда ұстазы:
⠀
«Уайымдама! Бұл әйел жесір қалған екен, күйеуінің артынан үй қалған екен. Әйел кәрі әпкесімен бірге тұрады,- деп мешіттің бұрышында отырған әйелді нұсқады, - бұлар қалаға жаңа келгендіктен, ұры- қарыға жем болмай бірге ғұмыр кешетін жолдас сұрай келіпті. Келісесің бе?»,-дейді. «Келісемін, ұстаз»,- деп жауап береді шәкірті. Сол жерде ұстазы мәһірін төлеп, екеуін үйлендіреді.
⠀
🏡 Үйге келген соң әйелі бетпердесін шешкен кезде шәкірт қарсы алдында айдай сұлу арудың тұрғанын көреді. Әйелі: «Қарның ашты ма?»,- деп сұрайды. «Иә»,- деп жауап береді әлгі жігіт. Сол кезде әйелі қазанның қақпағын ашып: «О, тоба! Бір бұрышты біреу тістеп кетіпті»,- деп таңқалады. Сонда күйеуі жыларман халде болған жайтты жайып салады. Сонда әйелі Аллаға шүкіршілік айтып:
⠀
«Алла алдындағы адалдықтың жемісі, осы! Бір тал бұрыштан бас тартқаның үшін үлкен баспана мен адал жар нәсіп еткенге сансыз мадақтар болсын»,- деген екен.
⠀
📲 muftyat.kz - ҚМДБ
#ғибратнама